Нығматулиндердің бар байлығы мен құда-жекжаттары
Бай байға құяды, сай сайға құяды...

Masamedia.kz
Мәжілістің экс-төрағасы, бұрынғы президент Назарбаевтың сенімді серігі Нұрлан Нығматулиннің 70-ті алқымдаған ағасы Арғын Нығматулинге қатысты қылмыстық істің жай-жапсары жарияланғалы жұрт назарынан ғайып болған бақуатты әулет қайтадан көптің аузына ілінді.
Бес ағайынды Нығматулиндердің көбі – кәсіпкерлер. Жай кәсіпкерлер емес, Forbes тізіміне енген алпауыт бизнес иелері. Олардың ұл-қыздары, келіндері мен күйеу балаларынан бөлек, құдаларының да кәсібі дөңгелеп, атағы аспандап тұр.
Зайролла Нығматулин (1919 – 2013) мен оның жұбайы Зейнеп Кәриева (1920 – 2018) бес бала өсірген: ұлдары Арғын, Арыстан, Нұрлан, Ерлан, Арын және қыздары Мархаба. Қаңтар оқиғасынан кейін елден із суытты делінген атышулы әулет рейдерлікке қатысты қылмыстық істерде көп аталады. Алайда Нығматулиндер көптен бері жұрт аузына іліне қоймаған. Жақында ағайындылардың үлкені – 69 жастағы Арғын Нығматулинге халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды.
АРҒЫН НЫҒМАТУЛИН
Бас прокуратура мәліметінше, Арғын Нығматулин Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген. Нығматулиндердің үлкені «Сарыарқа» Қарағанды хоккей клубын 2018 жылға дейін басқарған. Сондай-ақ, ол Қазақстан хоккей федерациясының Қарағанды облыстық филиалын басқарған.
«Қазақстанның хоккей федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі 1992 жылғы 26 ақпанда тіркелген. Директоры – Сәкен Мұсайбеков. Құрылтай құрамында 10 адам бар, соның бірі – Арғын Нығматулин.
«Сарыарқа» хоккей клубының негізі 2006 жылы қаланған. 2006-2018 жылдар аралығында оны Нығматулин басқарды. Қазіргі құрылтайшысы «Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесі. Бірақ 2024 жылға дейін ол жеке мүлік саналды.
«Қазақстанның хоккей федерациясынан» бөлек, қазір Арғын Нығматулиннің атына ресми түрде екі-ақ компания тіркелген. Оның бірі – ITECcoKazakhstan.
2010 жылы тіркелген ITECcoKazakhstan компаниясы қонақүй бизнесімен айналысады. Директоры – Зарина Тілеубаева. Құрылтайшысы – Арғын Нығматулин. 2021 жылғы табысы 600 млн теңгеден асқан. 2023 жылдан бері мемлекетке салық төлемегеніне қарағанда компания жұмысы тоқтап тұрған секілді.
Арғын Нығматулиннің екінші компаниясы – NBN Inc. Жекеменшікті жалға алу және басқарумен айналысады. 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Директоры – Майра Исаева. Құрылтайшылары – Арғын Нығматулин мен оның 27 жастағы қызы Әмина. Компания күні бүгінге дейін қазынаға 259 млн теңгеге жуық салық төлеген, оның 35 млн теңгесі – былтырғы аударымдар. Компания әр жылдары мемлекеттен ірі сомада тапсырыстар алып отырған. 2019 жылдан бергі алған тендерлерінің жалпы сомасы – 1,5 млрд теңге.
АРҒЫН НЫҒМАТУЛИННІҢ ОТБАСЫНА ТИЕСІЛІ БИЗНЕСТЕР
Арғын Нығматулин жұбайы Найле Белбаеваға да бірнеше кәсіп ашып берген. Оның қонақүй қызметімен айналысатын компаниясы осыдан біршама уақыт бұрын жылына 2 млрд теңгеге жуық табыс тауып отырған. Бертінде салық аударымдары тоқтаған.
Сондай-ақ, Арғын Нығматулиннің әйелі Алматының элиталық ауданында құны 1,5 млрд теңге болатын таунхаусқа иелік етеді. Бұл мүлік бұрынғы «Алмалы Горная 103 Б» тұтынушылар кооперативінің аумағында орналасқан, оның құрылтайшыларының бірі – Найле Белбаева. 2022 жылы кооператив жабылғанымен, деректер базасындағы ақпарат оның бұл активке әлі де иелік ететінін көрсетеді. Кооператив құрылтайшылары қатарында Ерлан Нығматулиннің жұбайы Бақыт Серікбаева және Болат Назарбаевтың атышулы көмекшісі, рейдерлік іс бойынша 15 жылға сотталған Елдос Қоспаев та болған.
Бұдан бөлек, былтыр БАҚ Найле Негдатқызының Дубайдағы BAHAR кешеніндегі 70 шаршы метрлік, 170 млн теңге тұратын пәтері барын жазды.
Ал Арғын Нығматулиннің қызы Әмина Арғынқызы Future Generation компаниясына иелік етеді. ЖШС 2003 жылы тіркелген. Қонақүй бизнесімен және спорт нысандарын пайдаланумен айналысады. Бұл компанияның да директоры – Зарина Тілеубаева. Adata мәліметі бойынша, өткен жылы 3,9 млн теңгеге жуық салық төлеген. Кәсіпорын мемлекеттен бірнеше ірі тапсырыс алған. 2016 жылдан бергі тендерлерінің жалпы сомасы – 200 млн теңгеге жуық.
Арғын Нығматулиннің отбасына тиесілі делінетін тағы бір кәсіпорын – Media NED. Риэлторлық қызмет көрсетумен айналысатын компания Юрий Алексеевич Кобыляцкийдің атына тіркелген. Кобыляцкий – Арғын Нығматулиннің тұңғышы Мархабат Белбаеваның қайынатасы, яғни Нығматулиндердің құдасы. Оның иелігінде жарнама бизнесімен айналысатын бірнеше компания бар.
Нығматулиннің ұлы – Асан Арғынов жеке кәсіпкер ретінде ғана тіркеліп, Қарағандыда жылжымайтын мүлікті басқару және жалға берумен айналысқаны жөнінде дерек бар.
НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИН
2000 жылдардың басында Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болған Арғын Зайроллаұлы саясатта алысқа шаба қойған жоқ. Есесіне інісі Нұрлан Нығматулин биліктің түрлі тармағында қызмет етіп, талай кресло ауыстырды. Қарағанды политехникалық институтында, кейін МГУ-да оқыған Нығматулин елорда әкімінің орынбасары, көлік және коммуникация вице-министрі, президент әкімішілігінің басшысы, Қарағанды облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Президент әкімшілігі басшысы, Мәжіліс төрағасы секілді лауазымды қызметтерді атқарды. Ол ҚР Парламенті Мәжілісінің үш шақырылымында төраға болып, осы қызметте10 жыл отырды.
Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылдың ақпанында қызметінен кеткен Нұрлан Нығматулин саясат сахнасынан кетті. Назарбаевтың бауыры Қайрат Сатыбалды ұсталған соң оның Атырау арқылы едел-жедел шекара асқаны, әуелі Бакуға ұшып, кейін Лондонда тұрақтағаны жайлы ақпарат тараған.
Нұрлан Нығматулиннің өз атында ешқандай бизнес болмағанымен, әйелі мен ұлдарының миллиардтаған қаржы айналымы бар кәсіптері әлі де дөңгелеп тұр.
Нығматулиннің жұбайы Венера Баймырзаеваның негізгі бизнесі – жылжымайтын мүлікті басқару және жалға беру. Оның иелігіндегі Capital Estate Group ЖШС Алматыдағы «Нұрлы Тау» кешенінде тіркелген. 2018 жылдан бері жұмыс істейтін компания мемлекетке бүгінгі күнге дейін 637 млн теңгеден астам салық төлеген. Былтыр 102 млн теңге аударса, биылғы 2 айда кәсіпорыннан қазынаға 61 млн теңгеден астам қаржы түскен.
C4ADS ұйымы Азаттыққа берген дерекке қарағанда, Дубайда Венера Баймырзаеваның атына 50 шақты жылжымайтын мүлік тіркелген. Соның алғашқысы – 860 шаршы метрлік вилла. Living Legends деп аталатын коттедж қалашығындағы бұл жылжымайтын мүліктің құны 1,5 млн доллар айналасында.
Сондай-ақ, FAIROOZ деген ғимаратта Баймырзаеваның атына аумағы 500 шаршы метрлік апартамент тіркелген. Оның нарықтағы құны шамамен 850 млн теңгеден (1,9 млн доллар) асады.
C4ADS дерек базасында Нұрлан Нығматулиннің әйелі – Дубайдың орталығында бұдан өзге премиум санаттағы бірнеше пәтердің иесі деп көрсетілген. DM MESK кешенінде жалпы құны 1 млн долларлық екі пәтер, ROYAL OCEANIC ғимаратында 600 мың доллар тұратын апартамент, REGAL TOWER кешенінде 550 мың доллардың пәтері, BAHAR кешенінде құны 380 мың доллардан асатын пәтер Баймырзаеваның атына жазылған.
НҰРХАН ЖӘНЕ НҰРЖАН НҰРЛАНОВТАР
Мәжілістің экс-төрағасының үш ұлы бар. Нұрхан, Нұржан және Мәди. Үлкен екеуі Нұрхан мен Нұржан Нұрлановтар – өндірістік апаттан, ереуілден көз ашпайтын «Қазфосфат» ЖШС-тің иелері.
2023 жылдың маусымында «Қазфосфат» құрылтайшылары «ауысты». Ағайынды Нұрлановтар мен Kazakhmys Resources B.V. иелік ететін Kaz Chemicals ЖШС зауыт иесі болудан қалып, оның орнын Caf holding ltd. компаниясы басты. Caf holding ltd. құрылтайшылары – ағайынды Нұрлановтар, Kazakhmys Resources B.V. және KP Fertilizers ltd. Соңғы компания ресейлік бизнес өкілдері – «Еврохим» компаниясының бұрынғы иесі Дмитрий Стержев және Kazchemprom Holding, LLC иелік етеді. Осылайша, ҚР-дағы фосфор тыңайтқыштарының ірі өндірушісі – «Қазфосфат» құрылтайшыларының қатары көбейді.
Компания 2015 жылдан бері қазынаға 113 млрд теңгеден астам салық төлеген. 2023 жылғы аударымдары 16,5 млрд теңгеден асса, былтырғысы 7 млрд теңгеге дейін құлдыраған. 2025 жылдың басынан бері бюджетке 932 млн теңгеден астам салық төлеген.
Компанияның 9 филиалы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, 7 еншілес кәсіпорны бар:
· Kaz chemicals trading house ЖШС – 2022 жылдың желтоқсанынан бері еншілес компания.
· «Қазфос» ЖШС – негізгі бейорганикалық химиялық заттарды өндірумен айналысады.
· «Қазфосфат ГПК» ЖШС 2022 жылдың қазан айында жұмыс істей бастады. Тең құрылтайшысы – «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» ЖШС.
· «ЖТК Қазфосфат» ЖШС – бұл компанияның да меншік иесі ауысып, Kaz chemicals trading house ЖШС құрылтайшылар құрамынан шықты. Оның орнын «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» ЖШС басты.
· «ХОЗУ Қазфосфат» ЖШС 2022 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істейді. Құрылтайшысы – «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» ЖШС. Кешенді кеңсе әкімшілік қызметтерін ұсынумен, санаторий-курорттық ұйымдардың қызметімен айналысады.
· «ҚР химиктер одағы» ЗТБ 2017 жылдың мамыр айынан бастап жұмыс істейді, құрылтайшылары – «Қазфос» и «Қазфосфат».
· «Нитрофос» ЖШС жарылғыш заттар мен пиротехника өндіреді, құрылтайшылары – «Қазфосфат» және Pari SA (Швейцария).
Kaz Chemicals компаниясына келсек, қазір оның үш еншілес компаниясы бар Kaz chemicals trading house ЖШС, Agro Lab ЖШС және «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» ЖШС.
Agro Lab ЖШС – топырақ-агрохимиялық зертханадағы Нұрлановтардың серіктесі – олардың немере бауыры Әділхан Арыстанов. Компания 2023 жылы – 293 млн теңге, 2024 жылы – 113 млн теңге салық төлеген.
Нұрхан Нұрлановтың жұбайы Мадина Ыдырысова (Дінмұхамет Ыдырысовтың қызы) –ORDABASY VENTURES ЖШС негізін қалаушы және экс-құрылтайшысы. Нұрхан мен Мадинаның Тайыр атты ұлы және Адель атты қызы бар.
Нұрханның қайын атасы Дінмұхамет Ыдырысов Forbes №20 нұсқасы бойынша Қазақстанның ТОП-50 кәсіпкерлерінің қатарына енген.
Нұржан Нұрлановтың әйелі Лаура Сапа – PETROGAS INTERASIA ЖШС (отынның көтерме саудасы) тең құрылтайшысы. Компания өткен жылы 69 млн теңгеден астам салық төлеген. Нұржан мен Лаура үш бала өсіріп отыр: ұлдары Ақбар мен Абылай және қызы Айсара.
ЕРЛАН НЫҒМАТУЛИН
Ықпалды бизнесмен, Нұрлан Нығматулиннің сыңары Ерлан Нығматулин де талай жыл саясаттың бел ортасында жүрді. 1999-2011 жылдары Мәжіліс депутаттығына сайланса, 2012-2017 жылдары президент жарлығымен Сенат депутаттығына тағайындалды.
Бизнес-реестрлер мәліметінше, кәсіпкердің үш компанияда үлесі бар және кем дегенде 8 компанияның құрылтайшысы немесе тең құрылтайшысы.
Ол Семейден 135 шақырым жердегі «Юбилейное» кен орнында көмір мен лигнит өндіретін «Қаражыра» АҚ акцияларының 10%-ынна иелік етеді. 20% акцияның иесі – олигарх Владимир Жұманбаев, қалған 70%-ы – Эдуард Огай мен оның отбасының активі.
Сондай-ақ, Ерлан Нығматулиннің меншігінде Қазақстан Даму банкінің демеуімен салынған Қарағанды облысындағы ферроқорытпа зауыттары бар.
Олардың бірі – YDD Corporation құрылтайшылары – Ерлан Нығматулин, оның күйеу баласы Жармұхамед Аппаз (Дінмұхамет Ыдырысовтың ұлы) және Imperiyumcy Holdings Limited. Компания Кипр астанасында тіркелген, оның иелері – Ерлан Нығматулиннің ертедегі серіктесі Дэвид (кейбір Шмаги дереккөздерінде) Кемертелидзе (84%) және Швейцария азаматы Ольга Симак (16%).
Тағы бір жоба – ферроқорытпа өндірісі, байыту және агломерациялық фабрикаларды қамтитын Asia FerroAlloys-ты да ҚДБ қаржыландырған. Құрылтайшыларының қатарында Нығматулиннен бөлек Шмаги Кемертелидзе бар. 2023 жылы – 3 млрд теңгеден астам, 2024 жылы – 2,1 млрд теңге салық төлеген.
Qaz Enrichment (байыту фабрикасы) – құны 55,9 млрд теңге болатын жоба, оның жалғыз құрылтайшысы – Ерлан Нығматулин. Зауыт 2022-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдаудың аймақтық картасына енген. Салық аударымдарына қарасақ, өндіріс орны әлі жүйелі жұмыс істемейді. 2022 жылы қазынаға 28,7 млн теңге төлесе, кейінгі 3 жылда тек болар-болмас тиын-тебен аударған.
Ерлан Нығматулиннің Павлодар облысындағы да активтері бар.
Ферросилиций шығаратын тағы бір зауыт – EkibastuzFerroAlloys та ҚДБ қаржысына салынған(13,7%-бен 72 млрд теңге қарыз берілген).Бұл жобада да Нығматулиннің серіктесі – Шмаги Кемертелидзе. Компанияның 2023 жылғы салық аударымдарының жалпы сомасы – 648 млн теңге болса, былтыр 273 млн теңге төлеген.
Нығматулин нан-тоқаш бизнесімен де айналысқан. Бірер жыл бұрын «Сары-Арқа Нан Қараганды» ЖШС, «Пульс» ЖШС және «Ұлытау Нан» ЖШС те соның меншігі болған. Сондай-ақ, бизнесмен «Kaz Silicon металлургиялық комбинаты» ЖШС, «Кварцит тау-кен компаниясы» ЖШС, AgroCapital ЖШС (картоп және басқа да дақылдарды өсіреді), «Өркен-Медиа» ЖШС-ті (Балқаштағы телеарна) де сатып жіберген.
Ерлан Нығматулиннің әйелі Бақыт Серікбаева – демалыс және ойын-сауық ұйымдастырумен айналысатын қарағандылық «BCK Food» компаниясының иесі. Бұдан бөлек, Серікбаева абысыны Найле Белбаевамен бірге «Алмалы Горная 103 Б» тұтынушылар кооперативінің тең құрылтайшысы.
ЕРЛАН НЫҒМАТУЛИННІҢ КҮЙЕУ БАЛАЛАРЫ
Ерлан Нығматулиннің үш қызы бар: Малика, Мадина және Карима.
Малика Нығматулинаның күйеуі Азат Бектұров 8 жыл бойы азаматтық авиация комитетінің «Қазаэронавигация» ШЖҚ РМК басқарды. 2022 жылдың тамыз айында бұл қызметтен кетіп, бүгінде бизнес-реестрлерде ҚР Үстел теннисі федерациясының Астана филиалының басшысы ретінде ғана тіркелген.
Бектұрова Малика Ерланқызы мемлекеттік қызметте біраз жерге жетті. Астана қаласының кәсіпкерлерін 15 жылдай басқарды. Әкім орынбасары да болды.
2006-2008 жылдары – Астана қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры;
2008-2016 жылдары – Астана қаласы «Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының» басшысы;
2016 жылдың мамыр айынан 2021 желтоқсан айына дейін – Астана қаласы әкімінің орынбасары болған.
Малика Нығматулина 2022 жылдың шілдесіне дейін тау-кен өнеркәсібінің қалдық өнімдерін қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын Green Mine компаниясының басқарма төрағасы қызметін атқарған (Эдуард Огайдың активі). Қазір бизнесменнің тұңғышы немен айналысатыны белгісіз.
Азат Бектұровтың әкесі Ғаббас Бектұров та кәсіпкер. Оның жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысатын екі компаниясы бар. Сонымен қатар ол «Тұрғұсын-1» ЖШС (ШҚО-дағы СЭС) тең құрылтайшысы. Бұл бизнестегі оның серіктестерінің бірі – ШҚО-ның экс-әкімі Даниал Ахметовтың ұлы Талғат Ахметов.
Белгілі қазақстандық актер Досхан Жолжақсыновтың ұлы және Мадина Нығматулинаның жұбайы Біржан Жолжақсынов –Indjaz компаниясының құрылтайшысы. Табысты жұмыс істеп тұрған ЖШС былтыр 74 млрд теңгеге жуық салық төлеген.
АРЫН МЕН АРЫСТАН НЫҒМАТУЛИННІҢ ҰЛДАРЫ
Егіз Нығматулиндердің тағы бір бауыры – Арынның ұлы Асқар Арынов та кәсіпкер. Ол Қарағандыда құрылыс бизнесімен айналысады. Алайда Нығматулиндер әулетіне тиесілі компаниялардың ауқымына шаққанда оның кәсібін табысты деу қиын. Оған тиесілі National Medical center мен Hospital management компаниялары 2021 жылы ғана табысты болған, сол жылы бірі – 19 млн, екіншісі – 17 млн теңге салық төлепті. Одан кейінгі жылдары бұл кәсіпорындардан қазынаға тиын-тебен ғана түскен.
Айта кетейік, Асқар Арынов 2018 жылға дейін «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарушы директоры болды.
Арыстан Нығматулиннің ұлы Әділхан Арыстанов – қазіргі ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың күйеу баласы. Арыстановтың Нұржан мен Нұрхан Нұрлановтармен бірге Agrolab ЖШС-те және Kazakhmys Resources B.V. компаниясында үлесі бар. Бұдан бөлек, ол «Қазақмысқа» қарасты «Жетімшоқы БК» ЖШС-ні басқарады.

Нет комментариев.